Үндістандық әйел мүгедек күйеуін арқалап, жаяу 150 шақырым жолды еңсерді

Фото: Times Now

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанда екі жас баласын ертіп алған Аша есімді әйел күйеуі Сачинді арқалап, Харидвар қаласынан Мадинагарға жаяу барды, деп хабарлайды Times Now. 

Елдегі Шива табынушыларына арналған жыл сайынғы зиярат болып табылатын Канвар Ятра рәсімінде ол қасиетті Ганга өзенінен су әкелу үшін күйеуін арқалап алды. Оның жұбайы Сачин былтыр омыртқасына ота жасалған соң белінен төменгі жағы сал болып, жүре алмай қалған. Ол бұл діни мерекеге 13 жыл бойы өзі қатысқан. Бірақ биыл сал ауруына шалдыққан ол әйелінің көмегімен қатысуға мүмкіндік алды.

Аша мұны күйеуінің аяғынан тұрып, толық сауығып кетуі үшін ғана жасап жатқанын айтты. Әйел осы әрекетінен кейін Интернетте үлкен танымалдылыққа ие болды. Әлеуметтік желі қолданушылары оның бұл әрекетін ерекше махаббат пен адалдықтың символы ретінде бағалады.

Канвар Ятра 1980-жылдардың аяғына дейін бірнеше әулиелер мен қарт табынушылардың шағын рәсімі ретінде өткізіліп, кейін танымал бола бастаған. Бүгінде Үндістандағы ең ірі жыл сайынғы діни іс-шараға айналды. 2023 — 2024 жылдардағы зияратқа 30 миллионға жуық діндарлар қатысты.

Еске сала кетейік, әлемдегі ең қарт марафоншы Үндістанда жол апатынан қаза тапты.