Үндістандық жастар елдің білім министрінің отставкаға кетуін талап етті

АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Дели қаласының орталығында «Cockroach Janta Party» («Тарақан халық партиясы») атты жастар қозғалысының мүшелері лагерь құрып, полицияның талаптарына қарамастан кетуден бас тартты. Жастар Үндістанның білім министрі Дхармендра Прадханның отставкаға кетуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Al Jazeera .

Фото: Al Jazeera / @Yashraj Sharma

Қозғалысты жақында Бостон университетін тәмамдап, елге оралған 24 жастағы Абхиджит Дипке басқарады. Ол әлеуметтік желідегі наразылықты көшеге шығып таныту қажет деп шешім қабылдаған. Жастарды біріктіруге себеп болған негізгі мәселе — емтихан тапсырмаларының желіде тарап кетуі және қабылдау емтихандарын өткізу кезіндегі заңбұзушылықтар.

Қозғалыстың тарихы күтпеген жерден басталған. Үндістан Жоғарғы сотының төрағасы бір пікірталаста жастарды тарақандармен салыстырған.

— Егер барлық тарақан бірігіп кетсе ше? — деп Дипке X желісінде жауап жазған.

Осы жазба бірден вирусқа айналды. Бүгінде қозғалыстың Instagram парақшасында 22 миллионнан астам жазылушы бар — бұл елдегі билеуші партиядан екі есе көп.

Шамамен 1,4 млрд халқы бар Үндістанның жартысына жуығы 25 жастан кіші. Соңғы айларда елде емтихан тапсырмаларының таралуы мен қабылдау емтихандарындағы бұзушылықтарға қатысты бірнеше жанжал қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Нью-Делидегі алғашқы акциядан кейін (6 маусым) наразылықтар Мумбай, Бангалор және Нагпур қалаларына тарады.

Қозғалыстың қатысушыларының бірі — 18 жастағы Сачин Кумар. Ол бір жыл бойы елдегі басты медициналық емтиханға дайындалған, бірақ тапсырмалар таралып кеткені анықталғаннан кейін нәтижелері жойылған.

— Бұл мені күйретті. Студенттер депрессияға түседі, бірақ ешкім мән бермейді, — дейді ол.

Кумар оқуын жалғастырмаған, ал өткен демалыс күндері шамамен 1,7 млн талапкер қайта емтихан тапсырған кезде ол лагерьде қалуды таңдаған.

Жағдайды ушықтырған тағы бір фактор — алғашқы емтихан мен қайта тапсыру аралығында оннан астам студенттің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлар. Билік Telegram мессенджерінің жұмысын уақытша шектеген, себебі емтихан материалдары сол арқылы таратылған болуы мүмкін, бірақ сыншылар бұл шараны жеткіліксіз деп есептейді.

Дели полициясы наразыларды лагерьден шығаруға тырысып жатыр. Қатысушылардың айтуынша, олардың су мен азық-түлікке қол жеткізуіне шектеу қойылып отыр. Алайда лагерьдегілер берілер емес.

Осыған дейін Нью-Йорк штатындағы мыңдаған Лонг-Айленд теміржол жұмысшылары ресми түрде ереуіл жариялап, Американың ең қарбалас теміржолындағы қозғалысты тоқтатты.