«Ўзбекистон темир йўллари» компаниясынан мәлім еткендей, аталған маршрут бойынша пойыз қатынасын жолға қоюға өзбек тарапы қолдау көрсетіп отыр.
— Көлік дәліздерін кеңейту және халықаралық жүк тасымалын дамыту мақсатында «Ўзтемирйўлконтейнер», «ТЛЦТ» и «Кедентранссервис» компанияларының қолдауымен пойыз қатынасы жолға қойылды, — делінген өзбекстандық компания таратқан хабарламада.
12 контейнер тиелген құрам Үндістанның «Мундра» портынан шығып, Қазақстандағы «Сороковая» станциясына барады. Жоспарға сай, пойыз Иран, Түрікменстан және Өзбекстан аумағы арқылы өтеді. Ол теңіз жолымен — 1,5 мың, теміржол желісімен 4 мың шақырымды еңсереді.
Айта кетейік, осыған дейін бұл бағыт бойынша Үндістаннан Өзбекстанға жүк тасымалданған еді.
«Ўзбекистон темир йўллари» компаниясының мәліметінше, жүк тасымалы үшін «Үндістан — Орталық Азия» дәлізін тұрақты негізде қолдану жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін екенін жазып едік.
Мұнымен бірге, Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынып жатыр. Ол 2027 жылы пайдалануға берілмек.