Үндістанның білім министрі емтихан тапсырмаларының таралуына байланысты қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның білім министрі Дхармендра Прадхан медициналық жоғары оқу орындарына түсу емтиханының тапсырмалары сыртқа шығып кеткені туралы айыптаулардан кейін басталған жаппай наразылықтар аясында қызметінен кетті, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: Анадолы

Hindustan Times басылымының жазуынша, Прадхан америкалық X әлеуметтік желісінде мәлімдеме жариялап, емтихан барысында заңбұзушылықтар анықталғанын және бұл жағдай үшін жауапкершілікті басынан-ақ өз мойнына алғанын айтты.

Сонымен қатар министр емтихан нәтижелерін жалпы алғанда қанағаттанарлық деп бағалады.

— Алайда осы үдеріс кезінде жауапты қызметтегі кейбір адамдар кедергі келтіріп, көптеген студентті жаңылыстыруға тырысты. Бұл мені қатты қынжылтты, — деді ол.

Ал наразылық шерулерінің алдыңғы қатарында жүрген «Халықтық тарақандар партиясы» қозғалысы әлеуметтік желіде: «Студенттердің күші жасасын!» деген жазба жариялады.

Бұған дейін Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди емтихан тапсырмаларының таралуына қатысы бар адамдарды тез арада анықтап, оларға қатаң жаза қолдануды тапсырған болатын.

Наразылық шерулері барысында Нью-Делиде қауіпсіздік мақсатында метроның 16 станциясы уақытша жабылды.

Мумбай қаласында шамамен 1,5 мың адам білім министрінің отставкасын талап етіп митинг өткізді. Полиция 200-ге жуық наразылық қатысушысының ұсталғанын хабарлады.

Тергеу аясында медициналық жоғары оқу орындарына арналған ұлттық қабылдау емтиханының тапсырмаларының таралуына қатысы бар деген күдікпен 13 адам ұсталды.

«Халықтық тарақандар партиясы» деген не?

Бұл қозғалыс мамыр айында негізінен Z буынының интернет қолданушыларының бастамасымен құрылған. Ол Үндістан Жоғарғы сотының төрағасы Сурья Канттың мемлекеттік жүйеге «паразиттердің шабуылы» туралы айтып, жұмыс таба алмаған кейбір жастарды «тарақандарға» теңеген сөзінен кейін кеңінен танылды.

Әуелде ирониялық интернет-бастама ретінде пайда болған қозғалыс кейін жастардың көңіл күйін білдіретін қоғамдық күшке айналып, емтихан тапсырмаларының таралуына байланысты ұлттық қабылдау емтиханын өткізуді тоқтатуды талап еткен наразылықтарға белсенді қатысты.

Наразылық білдірушілер үкіметті емтихан өткізу жүйесіндегі кемшіліктерді жоя алмады және наразылық қозғалысын басуға тырысты деп айыптап отыр. 

Айта кетелік Үндістандағы Ассам штатында су тасқынынан қаза болғандар саны 47 адамға жеткен еді