Үндістандағы сафари-паркте піл турист әйелді таптап өлтірді

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Карнатака штатында сафари-паркте піл турист әйелді таптап өлтірді, деп хабарлайды БелТА .

Фото: Xinhua/Geng Xinning

— 33 жастағы турист Тамилнад штатынан келген. Карнатака штатындағы Кодагу ауданындағы Дубаре атты жабайы табиғат паркінде екі пілдің арасындағы төбелес кезінде біреуі әйелдің үстіне құлап, ол сол жер көз жұмды, — деп жазады Indian Express басылым. 

Әйел саябаққа күйеуі және баласымен бірге келген.

Оқиға таңғы уақытта болды, сол кезде туристерге пілдердің тамақ ішу, жуыну секілді тіршілігін жақыннан көруге рұқсат етілген.

Жергілікті шенеуніктердің мәліметінше, сол уақытта Канчан мен Мартанда атты екі піл төбелескен. Парк қызметкерлерінің тыныштандырғанына қарамастан, Канчан Мартандаға шабуыл жасап, ол тепе-теңдігін жоғалтып, жерге құлаған.

Сол кезде Туласи басқа туристермен бірге жануарлардың жанынан қаша бастады, бірақ сүрініп кетіп, сол сәтте піл оның үстіне құлаған. Әйелдің күйеуі мен баласы аман қалды және басқа зардап шеккендер жоқ.

Карнатака штатындағы Орман шаруашылығы, экология және қоршаған ортаны қорғау министрі Эшвар Кхандре болған жағдайды мұқият тексеріп, болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды. Ол пілдердің қаншалықты қолға үйретілгеніне қарамастан, олардың әр сәттегі мінез-құлқын болжау өте қиын екенін атап өтті.

Кхандре шенеуніктерге туристердің пілдердің мұрнын ұстауға, оларға жақындап суретке түсуге немесе қант, банан сияқты тағамдар беруге тыйым салуды да тапсырды.

Бұған дейін Германиядағы хайуанаттар бағында 55 жасар піл бүйірімен құлап, құтқару операциясы драмаға толы болғанын жазған болатынбыз.