«Үнемі жабық»: ШҚО халқының шағымынан соң жолдағы әжетханалар мәселесі шешілмек
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жаңадан ашылған жол бойындағы қоғамдық әжетханалар енді тәулік бойы ашық тұрады.
Жыл басынан бері «ҚазАвтоЖол» АҚ Шығыс Қазақстанда 4 санитарлық-гигиеналық торап (Бұқтырма көпірінің екі жағына, Егінсу және Үлкен Нарын ауылдарына) орнатты.
Десе де туристер мен тұрғындар бұл қоғамдық әжетханалардың жиі жабық тұратынына шағымданды. Осы мәселеге орай облыстық Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов жауап берді.
– Халық арызынан кейін арнайы тексеру жүргізіліп, облыс басшылығы тарапынан аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Енді жұмысқа адам алынып, әжетханалар тәулік бойы ашық тұруы тиіс, - деді ол.
Ержан Сембиновтың айтуынша, жол бойына орнатылған 4 әжетхана – тым аз.
– Жол бойындағы сервисті қамтамасыз ету үшін кем дегенде 25 санитарлық-гигиеналық торап қажет. Осыған байланысты біз Туризм министрлігіне қосымша қаржыландыру сұрап, ресми хат жолдадық, - деді басқарма басшысы.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістанда бір жасар бала даладағы әжетханаға түсіп кеткені хабарланған.