Үнемделген қаражат тиімді мақсатқа жұмсалуы тиіс

ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 15-і. Қаз Ақпарат /Руслан Игілік/ - Облыс әкімінің бірінші орын­басары Мадияр Алдоңғаровтың төрағалық етуімен дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін бөлінген бюджет қаражатының толық, тиімді және мақсатты пай­далануын бақылау жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысында «Жол картасы» бағдар­ламасының инвестициялық жобалар бағыты бойынша жоспарланған қаражаттарға өткізілген мемлекеттік сатып алудың қоры­тындылары, әлеуметтік жұмыс орындары мен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын кеңейтуге, кадрларды дайындауға, қайта даярлауға бөлінген қаражаттың игерілуі қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Талғат Ілиясов хабарлама жасады. Өткен жылы елімізде қаржы дағдарысын еңсеруге бағытталған «Жол картасы» бағдарламасы жүзеге асқаны белгілі. Үс­тіміздегі жылы да осы бағдарлама жалғасын табуда. Аймақта 5291 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызатын 128 жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар басталып кетті. Хабарламашы мемлекеттік сатып алу конкурстарынан үнемделген қаражаттарды қайта бағыттау мақсатында бағдар­лама әкімшілері атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мә­се­лен, есепті мерзімде мәдениет басқармасы бойынша 2 нысанды күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген 38 млн. теңге игерілмеген. Осы қаражаттың 24,7 млн. теңгесі ҚР Мәдениет министрлігіндегі құры­лымдық өз­герістерге орай, яғни есепшоттың жабық болуына бай­ланысты қалыптасқан. Отырыста бағ­дар­лама әкім­ші­леріне үнемделген қаржыны қайта бағыттау үшін са­лалық министрліктермен бірігіп жұмыс жасау тап­сырылды.

Екінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының бастығы Ирина Ким, облыстық білім басқармасының бастығы Жаңыл Жонтаева хабарламалар жасады. Әлеуметтік жұмыс орындары мен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын кеңейту бойынша 4000 адамды жұмыспен қамтуға 480 млн. теңге қаржы қарастырылған. Соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 180 млн. теңге, «Жастар тәжірибесін» кеңейтуге 300 млн. теңге бөлініп отыр.

Үстіміздегі жылғы мамырдың 1-індегі мәліметтерге қарағанда, облыс бойынша жұмыспен қамту органдары 117 мекеме, кәсіпорындармен келісім-шарт жасасып, 938 әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылды. Бұл бағытқа 27,4 млн. теңге қаржы қаралды. Әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандардың жалақысы 40 мың теңге, соның ішінде 20 мың теңге жұмыс берушіден, 20 мың теңге бюджеттен төленеді.

Сондай-ақ 458 мекеме, кәсіпорындармен келісім-шарт жасалып, 1241 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа орналастырылды. Олардың жалақысы 20 мың теңгені құрайды. Жыл басынан бері 36 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Кадрларды қайта даярлау бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылған. Оған қоса, кәсіптік мектептерде 1000 адам даярлықтан өтуде. Маусым айында өңірлік форум өтеді. Кәсіпті игерген 678 маманның барлық мәліметтері жұмыс берушілерге жолданды. Хабарламашылар «Жол картасы» аясын­дағы жобаларды жүзеге асыруға қайта даярлықтан өткен мамандарды тартудың маңыздылығын атап өтті.

Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары мемлекеттік сатып алу конкурстарын мерзімінде және заң талаптарына сай өткізуді, үнемделген қаражатты қайта бағыттауды шілденің 1-іне дейін атқаруды, кадрларды қайта даярлау жұмыстарын талап деңгейінде жүргізуді тапсырды.