Үнемшілдік мәселесін өңірлер бір бірінен үйренулері керек - Елбасы

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үнемшілдік мәселесін өңірлер бір бірінен үйренулері керек. Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада «Алтын сапа», «Парыз», «Инновациялық серпін», «Индустриялық серпін» сыйлықтарын тапсыру рәсімі барысында осылай мәлім етті.

«Алматы қаласында әкім ауыз суды үнемдеу мәселесін оң шешті. Шымкентте электр энергиясын үнемдеуге қатысты жақсы тәжірибе бар. Айтпақшы, Алматыда есептеуіш құралдар орнатылғанда коммуналдық төлем 40 пайызға төмендеген. Неге осыны жұртқа түсіндірмеске? Басқа өңірлерде Алматыдағы суды үнемдеу немесе Шымкенттегі энергияны үнемдеу секілді тәжірибелер қолданыла ма? Бұндайды өңірлер бір-бірінен үйренулері керек. Алдыңғы қатарлы облыстардың оңтайлы тәжірибесі барлық өңірлер үшін жалылама ережеге айналуы шарт», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жалпылама алғанда елімізде шикізаттық ресурстарды өңдеу деңгейін арттыруға қол жеткізілгенін, энергияны тиімдірек пайдалану жүзеге асып жатқанын атап өтті. «Біз шикізатты тереңірек өңдеуге, энергия пайдалануды төмендетуге және қосымша құн салығы жоғарылатылған өнімдер шығаруға қызығушылық білдірген инвесторларға басымдық беруіміз керек», - деді Елбасы.