UNICEF өкілі Құрылтай депутаттарымен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Дана Медеуова БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мустафа Сарвармен кездесті. Бұл туралы Құрылтайдың баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Құрылтай

Кездесуге қатысушылар Құрылтай депутаттары мен БҰҰ Балалар қоры арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады. Бала құқығын қорғау, инклюзивті білім беруді дамыту, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелеріне де баса мән берілді.

Фото: Құрылтай

— Балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету –Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы саладағы мәселелерге ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше басымдық береді. Бала құқығы туралы конвенция әлемдік қоғамдастық үшін үлкен маңызға, сондай-ақ ол біздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) ынтымақтастығымызға да негіз болып саналады, — деп атап өтті Дана Медеуова.

Кездесу барысында 2026-2030 жылдарға арналған Елдік бағдарламаны іске асыру үшін заңнамалық негіздерді нығайту, сондай-ақ «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері сөз болды.

Фото: Құрылтай

Доктор Рашед Мустафа Сарвар Қазақстанның бала құқығын қорғау саласындағы елеулі жетістіктерін атап өтіп, балалар мен жастардың өмірін жақсартуға арналған бастамаларды кеңейту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Құрылтайда Қоғамдық қабылдау ашылған болатын.