United Cup турнирі: Елена Рыбакина Германиямен матчта Қазақстанды алға шығарды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Аустралияның Перт қаласында Қазақстан құрамасы United Cup турнирінің ширек финалында өткен жылғы чемпион Германиямен бетпе-бет келді.

Алғашқы ойында әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 80-орында тұрған Лаура Зигемундпен сынға түсті.

Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасай білді – 4:2. Сет біткенше сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.

Екінші сетте қазақстандық теннисші тағы да алға кетті – 2:1. Тағы бір брейк – 4:1. Сосын матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:1.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 6 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Зигемунд 2 брейк-пойнтты пайдалана алған жоқ.

Осылайша, Елена Рыбакина Қазақстанды алға шығарды – 1:0.

Бұдан кейін рейтингіде 78-сатыдағы Александр Шевченко әлемнің 2-ракеткасы Александр Зверевпен кортқа шығады.

Содан соң аралас жұптық бәсекеге кезек келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын United Cup турнирінде Қазақстан құрамасының өткен жылғы чемпионмен ойнайтынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннисші Анна Данилина Брисбен турнирінің ширек финалына шықты.