United Cup турнирі: Қазақстан Грекия құрамасын миксте де тізе бүктірді

Фото: Фото: Қазақстан теннис федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Аустралияның Перт қаласында теннистен United Cup турнирінде Қазақстан мен Грекия құрамалары арасында соңғы ойын болды.

Бұл бәсеке матчтың жалпы нәтижесіне әсер етпейтін еді. Өйткені Александр Шевченко мен Елена Рыбакина жекелей сындағы өз кездесулерін жеңіспен аяқтап, Қазақстан командасы мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алған еді.

Аралас жұптық сында Қазақстаннан Жібек Құламбаева – Александр Недовесов, Грекиядан Деспина Папамихаил – Петрос Циципас кортқа шықты.

Бірінші партияда грекиялық жұп басымдылық танытты – 6:2.

Екіншісінде қазақстандық дуэт есе қайырды – 6:3. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:6.

Осылайша, Қазақстан Грекияны 3:0 есебімен ұтты.

Қазақстанның ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен United Cup турнирінде Александр Шевченконың әлемнің 11-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннистен United Cup турнирінде Елена Рыбакина бастаған Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне шықты.