Универсиада-2017 нысандары құрылысында 4200 жұмыс орны ашылды - Бауыржан Байбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Ұйымдастырушы комитеттің төрайымы Дариға Назарбаеваның қатысуымен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу бойынша осы Ұйымдастырушы комитеттің отырысы өтті.

Отырыс барысында Универсиаданы дайындау мәселелері қаралды.

«Елбасының қолдауының арқасында үш алып нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. 12 мың орынды Мұз сарайы және Атлетикалық қалашық - 94 пайызға дайын және қыркүйек айына қарай жабдықтау жұмыстары толығымен аяқталады. Медеу ауданында орналасқан 3 мың орынды Мұз аренасы - 90 пайызға әзір», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, ол Универсиаданың мұрасы туралы да әңгімеледі.

Мысалы, Универсиада жарыстарынан кейін де барлық нысандар толыққанды жұмыс істейтін болады. Соңғы 8 жыл ішінде Алатау ауданының дамуына 200 млрд. теңге жұмсалған. 

Универсиада-2017 - бюджеті айрықша үнемделген жарыс ретінде тарихта қалатын болды. Бұған дейін Универсиада бюджетінің қысқартылғаны туралы айтылған болатын. Сонымен, қазіргі таңда Универсиада бюджеті - 47 млн. еуроны құрайды. 

Естеріңізге сала кетелік, Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада ойындары Алматыда 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткізіледі. Жарысқа 55-тен астам елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Бәсекелер 12 спорт түрі бойынша 8 нысанда өткізіледі. Барлығы 543 медаль сарапқа салынады. Бұл дүбірлі доданы ұйымдастыруға 3 мың волонтер жұмылдырылған және қалаға 30 мың отандық және шетелдік қонақтар келеді деп күтілуде.

Универсиада нысандары құрылысында 4200 жұмыс орны ашылды және қазақстандық мазмұн - 60 пайызды құрады.