Универсиада-2017 ойындарының қауіпсіздігін 6500 қызметкер қамтамасыз етеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткізілетін Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада ойындарының қауіпсіздігін 6500 қызметкер қамтамасыз ететін болады.

Бұл туралы бүгін 12 мың орынды Мұз сарайында 28-ші қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді. Отырысқа Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева және ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. 

«Қазіргі таңда ҚР ҰҚП, Бас прокуратура, Алматы әкімдігі бірлесе отырып, қауіпсіздікті лайықты деңгейде қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдап жатыр. Сонымен, Универсиада қауіпсіздігін 6500 қызметкер қамтамасыз ететін болады. Жергілікті бюджеттен сол қызметкерлердің күн сайын екі реттен тамақтануына - 150 млн. теңге, сондай-ақ, жарылғыш заттарды анықтауға арналған қол детекторларын сатып алуға Ішкі істер департаментіне - 222 млн. теңге бөлінді», - деді Б. Байбек.  

Қалада күні бүгінге дейін 837 бейнебақылау камералары орнатылған. Оларға қосымша тағы да 1220 бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Универсиада-2017 ойындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сонымен қатар 8 күзет фирмасы тартылды.