Универсиада-2019: Қазақстан бенди құрамасы тартысты бәсекеде Норвегияны ұтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Красноярск қаласында өтіп жатқан ХХІХ қысқы дүниежүзілік универсиадада допты хоккейден Қазақстан құрамасы шешуші кездесуін норвегтермен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Универсиада бағдарламасына алғаш рет енгізілген бенди турниріне барлығы бес елдің құрамасы қатысуда. Соның ішінде төртеуі жартылай финалға жолдама алады.

Мұның алдында қазақстандықтар үш, норвегтер екі матчта қарсыластарынан жеңіліп қалған еді. Сол себепті бұл негізінен «Ақжайық» хоккейшілерінен құралған Қазақстан үшін соңғы мүмкіндік болатын.

«Енисей» стадионында ойын басталысымен алға ұмтылған қазақстандықтар бұрыштамадан берілген допты сәтті пайдалана алды. Қуаныш Темірәлиннің пасынан кейін команда капитаны Максим Өтебалиев есеп ашты.

Көп ұзамай Әмір Қадырханов айдыннан қуылған кезде норвегтерден Эирик Лунден таразы басын теңестірді. Дегенмен М.Өтебалиевтің пасынан кейін Андрей Гущин Қазақстанды қайта алға шығарды.

Екінші таймда Болат Мұхит айып уақытын өтеген мезгілде Стиан Стаэркеби мергендік танытты - 2:2.

Норвегтер ойын тәртібін бұзғаннан кейін М.Өтебалиев 12 метрлік айып добын дәл орындады - 3:2. Осыдан кейін есеп өзгерген жоқ.

Енді 6 наурызда Финляндия - Ресей, сосын 7-сінде Норвегия - Финляндия мачтарынан кейін жүлделі орындарға таласатын командалар белгілі болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының алғашқы матчын ресейліктермен өткізетінін, одан кейін олардан және финдерден жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ кеше Швециядан ірі есеппен ұтылды.