Универсиада аяқтала сала спортшыларымызды Қысқы Азия ойындары күтіп тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы төрінде өтетін Бүкіләлемдік универсиада ойындары аяқтала салысымен көп ұзамай Жапонияның Саппоро қаласында VIII қысқы Азия ойындарының алауы жағылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы VII Азия ойындары 2011 жылы қазақ елінің Алматы және Астана қалаларында өткен болатын. Онда жерлестеріміз 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальмен тарихи жеңістеріне қол жеткізген еді. Бұл додада жапондар 13 алтын, 24 күміс, 17 қола медальмен қазақ елінен кейінгі 2-орынға табан тіреді. Ал биыл күншығыс елінің өкілдері өз елінде өтетін дүбірлі сында еш аянып қалмасы анық.

Тарих парақтарына көз жүгіртсек, Жапония қысқы Азия ойындарының отаны саналады. Бұл жапондықтардың қысқы Азияны ұйымдастырған төртінші ойыны болмақ. Ең алғаш Қысқы Азия ойындары 1986 жылы осы елде өткен болатын. Екінші рет 1990 жылы да осы қалада ұйымдастырылды. Ал үшінші рет 2003 жылы Аомори қаласында өткізді.

Төртінші рет Саппоро қаласында өткелі отырған VIII Азия ойындарына 45 елдің спортшылары қатысады деп күтілуде. Олар спорттың 11 түрі бойынша бақ сынамақ. Азия ойындары ақпанның 19-ы мен 26-сы күндері өтеді.