АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылғы қысқы Универсиадада шайбалы хоккейден Канада студенттер құрамасы чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалдық кездесуде канадалық хоккейшілер АҚШ құрамасымен кездесті. Нәтижесінде олар қарсыласын 7:2 есебімен тізе бүктіріп, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Айта кетсек, Қазақстан студенттер құрамасы қола жүлдегер атанды. Қазақстандық хоккейшілер 3-орын үшін сайыста Жапониядан 8:1 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, топтық кезеңде ел құрамасы Оңтүстік Кореяны – 5:1, Венгрияны 9:1, Ұлыбританияны 15:1, Словакияны 4:0 есебімен жеңіп, АҚШ құрамасына 1:4 есебімен есе жіберді. Ал жартылай финалда Канада құрамасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы дүбірлі додаға тоғыз мәрте қатысқан болатын. Бұған дейін 1995 жылы чемпиондық тұғырға көтерілді, ал 1993, 2013, 2015, 2017 жылдарда күміс, 2007 жылы қола медаль иегері атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.