АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық биатлоншы Бекентай Тұрлыбеков АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиадада 10 шақырымға спринт жарысында чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыс барысында ол екі атыс сызығында бірде-бір оқты бос жіберген жоқ. Нәтиже көрсеткен уақыты- 27:51,5. Осылайша қазақстандық биатлоншы ел құрамасына үшінші алтынды салды.
Аталған жарыста екінші орын Бьорн Уэстервелтке бұйырса, үздік үштікті қазақстандық тағы бір биатлоншы Александр Мухин еншіледі.
Нәтижесінде аталған сайыста ел құрамасы бір алтын, бір қола медаль алды.
Еске салсақ, бұған дейін биатлоншы Вадим Куралес пен шаңғымен секіру спортынан Данил Васильев чемпион атанды.
Осылайша медальдар кестесінде қазақстандық спортшылар 3 алтын, 1 қола жүлдемен үшінші орынға көтерілді. Алда Жапония және Финляндия құрамалары келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.