АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық шаңғышы Ксения Шалыгина АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиадада бес шақырымға еркін мәнерде жекелей сында сайысқа түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық шаңғышы жүлдегерлер қатарынан көрінуге жақын қалды. Мәре сызығын төртінші болып қиды.
Ол 17 қаңтарда бес шақырым қашықтықта классикалық мәнердегі сайыста да дәл осындай нәтижеге қол жеткізген еді.
Аталған жарыста финляндиялық Хилла Ниемела бас жүлде алды. Ал эстониялық Мариэль Пуллес күміс, итальяндық Мария Боккарди қола медаль алды.
Ел құрамасынан Надежда Степашкина 10, Айша Рақышева 21, Анна Мельник 45, Лаура Қиныбаева 46,, Анастасия Ротова 51-орындарды місе тұтты.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан хоккейшілері АҚШ құрамасынан жеңіліп қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.