Универсиада нысандарын ол аяқталғаннан кейін де пайдаланатындай етіп жобалаған жөн- Ахметжан Есімов

АЛМАТЫ. 26 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Алматыда 2017 жылғы  ХХVІІІ Қысқы универсиада ойындарына салынатын нысандардың құрылыс мәселелері бойынша жұмысшы кеңесінің отырысында  жарыстың  шеберлік  жоспары таныстырылды.

Қала әкімі Ахметжан Есімовтің айтуынша, Универсиада аяқталған соң салынған нысандар  қаңырап бос тұрмаулары тиіс. Олардың сыйымдылығын ескеріп, болашақта толық жұмыс істеуін қамтамасыз еткен жөн.

Универсиада ойындары өтетін нысандарды салу үшін қонақ үйі, медиа орталығы, коференц залы бар атлетика ауылы үшін Алатау ауданынан жалпы көлемі 21 га. жер бөлінген. Ал  конькимен жүгіретін стадионы, сырғанайтын алаңы бар Мұз сарайын салу үшін Рысқұлов пен Момышұлы көшесінен 24,8 га. жер бөлініп отыр. Бұлардан өзге Мұз аренасын салу үшін Медеу ауданынан 27,7 га. жер бөлінген. Қала әкімінің  орынбасары Виктор Долженковтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде инженерлік коммуникацияларды алдын ала есептеу үшін жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ нысандардың  жобалық-сметалық құжаттарын жасайтын отандық және шетелдік мамандардың тізімі жасалып, нысандардың жобалық сметалық құжаттарын жасауға байқау жарияланды. Жалпы 2017 жылғы Қысқы универсиаданың бағдарламасына 8 міндетті спорт түрі бар.  Олар - мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы спорты, сноуборд, биатлон, шорт-трек, шайбалы хоккей, кёрлинг.