Универсиада нысандарының дер кезінде және сапалы салынуы Елбасының тікелей бақылауына алынды - Қ. Зәкіриянов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2017 жылғы қысқы Универсиадаға арналған спорт нысандарының дер кезінде және сапалы салынуы Елбасының тікелей бақылауына алынды. Бұл туралы бүгін Алматыда студент-спортшылардың Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Президенті сайлауын кезектен тыс өткізу туралы бастамасын қолдауға арналған митингісі барысында Қазақстанның ұлттық студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Зәкіриянов мәлімдеді.

«Кеше ғана Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Универсиадаға арналып салынып жатқан спорт нысандарын аралап шықты және олардың дер кезінде және сапалы салынуы Елбасының тікелей бақылауына алынғандығын жеткізді. Нысандардың құрылысын толық аяқтауға 100 млрд. теңге бөлініп отыр. Сондықтан, біз олардың дер кезінде іске қосылатындығына сенімдіміз», - деді Қ. Зәкіриянов.

Сонымен қатар, Қазақстанның ұлттық студенттік спорт федерациясының басшысы жастарға ҚР Президенті сайлауын кезектен тыс өткізудің маңызын түсіндірді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі жастардың лайықты білім алуына, спортпен айналысуына үнемі қамқорлық жасап келе жатыр. 2017 жылғы Универсиада да Президенттің қолдауымен өткелі отыр. Біз осы қамқорлыққа ризашылығымызды білдіре отырып, елімізде Президент сайлауын кезектен тыс өткізуді бір адамдай қолдаймыз», - деді Қ. Зәкіриянов.