Универсиада ойындарына билет таба алмаған жанкүйер мәлімдеме жасады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат Универсиада-2017-нің хоккей матчына билеттердің болмауына наразылық танытқан жанкүйер баспасөзге ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Кеше әлеуметтік желіде қазақстандық жанкүйер Данил Раминнің сыни пікірдегі видеосы жарияланған болатын. Ол «Халық Арена» мұз айдыны кешені кассасынан хоккей матчтарына билеттің болмауына наразылық танытқан еді.

Қазіргі уақытта ойын өтетін ареналардағы көрерменге арналған орындардың бір бөлігі Халықаралық студенттік спорт федерациясы өкілдері үшін сақталып тұратындықтан билеттердің жетіспей қалғандығы анықталды. Ал делегаттардың әр уақытта да жарысты тамашалауға уақыттары бола бермейді. Сол себепті көрермен аренадағы бос қалған орындарды байқайды.

Жанкүйердің жанайқайы құлақтарына жеткен Универсиада-2017 дирекциясының және Халықаралық студенттік спорт федерациясының өкілдері өздеріне тиесілі билеттердің басым бөлігінен жанкүйерлер үшін бас тарту туралы шешім қабылдады.

«Мұндай әрекеттің орын алуы дұрыс. Мен мұны жылы қабылдадым. Бізді еститіндіктері қуантады. Универсиада дирекциясы барлығын түзететін болды және FISU өз билеттерінен жанкүйерлер үшін бас тартты. Меніңше, ахуал түзеліп, адамдар жарыстарды тамашалай алатын болады», - деді Данил Рамин.

Сонымен қатар ол Алматыда өтіп жатқан Универсиада қазақстандықтардың өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі екендігін баса айтты.

«Өзімде спортшымын, отбасымда да спортшылар бар. Универсиада бұл Қазақстан үшін үлкен оқиға. Мен спортшыларымызға қолдау болғанын қалаймын. Бұл өте маңызды», - деді ол.