Универсиада ойындарының басталуына 28 күн қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы төрінде өтетін биылғы жылдың басты додаларының бірі XXVIII қысқы Универсиада ойындарының басталуына 28 күн қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қысқы Универсиадасының бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасында), керлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі енген.

Жарысқа әлемнің 60-қа жуық елінен келетін 2 мыңға жуық спортшыға 3 мыңға жуық ерікті қызмет көрсетеді.  Ал сайыстарды әлемнің 80 еліндегі 1 млрд адам теледидар арқылы тамашалай алады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы ТМД елдері арасынан қысқы Универсиаданы бірінші болып өткізгелі отыр. Бұған дейін, 2013 жылы Ресейдің Қазан қаласында жазғы Универсиада ұйымдастырылған болатын.