Универсиада және Азия чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов XXXII жазғы Универсиада мен таеквондодан Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Министр халықаралық жарыстардың чемпиондары және жүлдегерлерімен кездесті. Іс-шараға Халықаралық таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Құттықтау сөзінде министр доктор Чоуға таеквондоны жаһандық деңгейде дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Ербол Мырзабосынов халықаралық сындарда топ жарған спортшыларды құттықтап, олардың жетістіктері бүкіл елдің мақтанышы екенін атап өтті.

XXXII жазғы Универсиада чемпионы атағын Германияда Самирхон Абабакиров иеленді. Малайзияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Айым Серікбаева, Бунед Бахрамқұлов және Аружан Найманбаева алтын медаль жеңіп алды. Турнирдің үздік спортшысы деп танылған Айым Серікбаева және оны дайындаған жеке бапкер Еркебұлан Ермекәлиев министрдің алғыс хатын иеленді. Сонымен қатар, ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтановқа қазақстандық таеквондоны дамытуға қосқан сүбелі үлесі мен командамен атқарған жемісті еңбегі үшін ризашылық білдірілді.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

— Бүгінгі таңда мемлекет сіздердің өсуіңіз үшін барлық жағдайды жасап отыр, әрқайсыңыздың жеке бапкеріңіз бар. Бүгінгі жеңістер — көпжылдық еңбектің, жүйелі дайындықтың және өз ісіне адалдықтың нәтижесі. Сіздер Қазақстанды әлемдік аренада абыроймен танытып жүрсіздер, — деді ведомство басшысы.

Спортшыларға Құрмет грамоталары, алғыс хаттар және Федерацияның сертификаттары табысталды.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Еске сала кетейік, 14-16 тамыз күндері елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирі өтеді. Жарысқа 22 елден 750-ден астам спортшы қатысады деп күтіледі. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және әлемдік рейтинг көшбасшылары бар. Жарыстар үш жас санатында өтеді: жастар, жасөспірімдер және ересектер.