АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан қысқы универсиадада шорт-тректен Қазақстан құрамасы күміс медальді жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрберген Жұмағазиевтің мәлім еткеніндей, жігіттер құрамасы 5 мың метрлік эстафетада 7:12.409 нәтижемен мәре сызығын екінші болып қиды.
Оңтүстік Корея құрамасы (7:10.689) жеңімпаз атанса, нидерландылық студенттер (7:12.450) қола жүлдені қанағат тұтты.
Қазақстан құрамасы сапында Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұханов, Валерий Клименко және Санжар Жанисов өнер көрсетті.
Бұл – шорт-тректен Қазақстан құрамасының универсиададағы екінші күміс жүлдесі.
«Осымен универсиадада шорттрекшілер додасы мәресіне жетті. Алда әлем кубогінің бесінші және алтыншы кезеңі бар. Содан кейін әлем чемпионаты өтеді», -деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Жұмағазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын универсиадада Қазақстан құрамасының шорт-тректен күміс медаль алғанын жазған едік.
Фото, видео: Нұрберген Жұмағазиев
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).