Университет оқытушылары қарағандылық оқушыларды олимпиадаларға дайындайды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы педагогтарының тамыз айында өткен онлайн-кеңесінде «Бейіндік мектеп» жаңа жобасы туралы айтылды.

Университет оқытушылары аймақ оқушыларын республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова бейіндік мектептер екі жоғары оқу орны – Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті және Қарағанды экономикалық университеті базасында құрылатынын хабарлады.

Онда олимпиада командасының резервіне кіретін 7-9 сынып оқушылары білімдерін жетілдіре алады. Сабақтар қоғамдық-гуманитарлық пәндер, физика, информатика, экономика, қолданбалы математика, ағылшын тілі бойынша өткізілетін болады.

«Осы жылдың маусым айында біз балаларға қосымша білім берудің «Сарыарқа дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Оқушылардың білімін жетілдіру бойынша бірлескен білім беру іс-шаралары туралы уағдаластық орнатылды. Оқушыларды олимпиадаларға дайындау басым бағыт болып табылады. Семинарлар, шығармашылық байқаулар, ғылыми конференциялар мен тренингтер жоспарланған», – деді ҚЭУ ректоры Ерқара Аймағамбетов.

Оның айтуынша, университет өз базасын ұсынады. Олар: «Достық» коворкинг-орталығының бизнес-инкубаторы, компьютерлік орталық, оқу және ғылыми-зерттеу зертханалары және т. б.

Гүлсім Қожахметова оқушылардың білім сапасын арттыру бойынша өзге де бастамаларды атап өтті. Бұл жобалар «Жас математик», «Қала – ауыл», «Виртуалды мектеп» сырттай мектебі. Жаңа оқу жылында экология, медиасауаттылық, сыни ойлау курстары ашылады.