Университет оқытушыларын әлеуметтік қолдау пакеті бойынша заңға өзгерістер енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Университеттер ішінен шыққан талантты, көшбасшылық қасиеттері бар менеджерлер резервін құру жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Университеттердің басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне тоқталған министр: «бұл бағыт аясында Ректорлар кеңесінің жұмысын жаңа тұрғыдан жандандыруды бастадық. Менеджерлердің (ректорлық корпустың) жаңа буынын қалыптастыруды сингапурлық талант-менеджмент (talent management) үлгісінде жүзеге асыру жоспарланған», - деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, жұмыс берушілерді, бизнес-құрылымдар, кәсіптік және қоғамдық бірлестіктерді, өңірлік әкімдіктер өкілдерін корпоративтік басқаруға кеңінен тарту жұмысы да жалғасын табады.

«Біз жоғары білім саласындағы топ-менеджерлердің біліктілігін үнемі арттыру мақсатында форсайт-сессияларды, курстарды бастамақпыз. Университеттер ішінен шыққан талантты, көшбасшылық қасиеттері бар менеджерлер резервін құру жұмысын да жүргізіп жатырмыз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, инвесторларды тарту және басқару жүйесін дамыту үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Нысаналы капитал қорлары туралы» заң жобасының тұжырымдамасы пысықталып жатыр. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» Заңына университеттердің профессорлық-оқытушы құрамы мен ғалымдарын әлеуметтік қолдау пакеті бойынша өзгерістер енгізілетін болады.