Университеттер суперкомпьютер сатып алуға қанша ақша жұмсады – Жаслан Мәдиевтің жауабы

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында  ЖОО-лар суперкомпьютер сатып алуға бюджет қаражаты жұмсамағанын айтты.

- Мендегі ақпарат бойынша, қаражат грант түрінде берілген. Яғни, мемлекеттік бюджеттен суперкомпьютер сатып алуға ақша бөлінген жоқ, - деді ол журналист сұрағына берген жауабында.

Министрдің айтуынша, бұл суперкомпьютерлер ғылыми деңгейде ғана қолдануға жарамды.

- Шынымен де қазір университеттерде қуаты 1,5-2 петафлопс болатын шағын есептеу көздері бар. Олар ғылыми сынақтарға арналған. Студенттердің жасанды зейін саласындағы машықтарын жетілдіруге қолданылып отыр. Ол қуаттар мемлекеттік сервистерді жасанды зейін базасында іске қосуға жеткіліксіз. Бірақ жоқтан бар жақсы. Бұған дейін студенттер тек теориялық тұрғыда ғана білім алып жатқанын сынап жүрдік қой. Олар енді өздері жасаған кодтарды сынақтан өткізу үшін университеттер жанындағы суперкомпьютерлерді «полигон» ретінде пайдаланып жатыр, - деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, Үкіметтің көшпелі отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтерді онлайн көрсетуге жасанды зейінді қалай енгізіп жатқанын баяндады.