деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Болашақтықтар ең алдымен «Каспионет» спутниктік арнасы бойынша Мемлекет басшысының студенттер алдында оқыған дәрісін тамашалағанын жеткізді. Сонымен бірге, әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында ғылыми-техникалық парктер жұмыс жасайтынын, онда ғылым мен бизнес бірігіп ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратынына тоқталған «болашақтықтар», қазақстандық университеттерде де осындай ғылыми-техникалық парктерді ашуға қатысты Президенттің ойын білгісі келетіндіктерін айтты.
«Мен бұндай қадамды, бастаманы қолдаймын. Студенттер алдындағы дәріс барысында зияткер ұлтты қалыптастыру мәселесіне тоқталған болатынмын. Әрине, бұны алғаш рет айтып отырған жоқпын, бұл бағытта біршама істер атқарып та жатырмыз. Менің ойымша, бүгінгі қазақстандық жастар алдыңғы қатарлы білімді меңгере отырып, біздің болашағымызды құруға белсенді араласады, алға жылжудың локомотивіне айналады», деген Елбасы білім мен ғылым саласында атқарылып жатқан шараларға да тоқталып өтті.
«Менің нұсқауым бойынша еліміздің барлық облыс орталықтарындағы негізгі университеттерде 15 зертхана құрылды. Университеттер бұны өз зертханасы деп санамауы керек, бұл барлық зерттеушілер үшін ашық болуы шарт. Бұдан басқа еліміздегі 5 ұлттық зертханалардың әрқайсысында әрбір өнертапқыш, ізденуші өз жұмысын толық жүзеге асыра алады», деді Мемлекет басшысы.