Университеттер жатақхана орындарын тарату туралы ақпаратты жарияламай отыр - жемқорлыққа қарсы тексеріс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жемқорлыққа қарсы стратегиясы аясында білім және ғылым министрлігіне тиесілі міндеттердің бірі - студенттердің сабақ үлгерімі мен жатақхана орындарын тарату туралы ақпаратты жоғары оқу орындарының арнайы порталдарында жариялау.

Алайда аталған міндет әлі күнге дейін атқарылған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бақылау тобы жоғары оқу орындарының онлайн порталдарын құру бойынша атқарылып жатқан жұмысты зерделеп шықты. Оған білім және ғылым министрлігі жауапты. Аталған порталдарда студенттердің сабақ үлгерімі мен жатақхана орындарын тарату туралы ақпарат жариялануы тиіс. Осы уақытқа дейін осы саладағы жұмыс баяу жүргізіліп келеді.113 жоғары оқу орнының ішінде бар болғаны 9-ақ университет ондай порталдарды іске қосты. Білуімше, білім және ғылым министрлігі осы жұмысты жалғастырып келеді. Оны ағымдағы жылда да жалғастырып, тездетіп аяқтау қажет. Әзірше, мемлекеттік университеттердің бәрінде ондай порталдарды қосып алсақ, сабақ үлгерімі мен жатақхана орындарын тарату жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін едік», - дейді бақылау тобының мүшесі Виктор Бусс.

Айта кетейік, 2015-2025 жылдарға арналған Қазақстанның жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданғанда мемлекеттік органдар үшін арнайы іс-шаралар жоспарын құру міндеті қойылды. Негізгі мақсат - сыбайлас жемқорлықты азайту. Осылайша, үш жылдық жоспар бектілді. Онда барлығы 64 шара қарастырылған. Өткен жылдың жоспарында 41 шара болды. Бүгін осы мәселеге байланысты арнайыжұмыс тобы алғаш рет жаңартылған құрамда бас қосты. Оған депутаттар, қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер енді. Отырыстың басында саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов пен блогер Ғалым Байтұқ сөзге келіп қалды .