«Кадр даярлауда алдын ала болжау моделіне көшуге тоқталсақ, бұл форсайттық-болжау негізінде өңір мен экономика салаларына қажетті жаңа кәсіптерге сұраныс пен кадр даярлау жүйесін тиімді ұштастыру болып отыр. Осы ретте мемлекет пен бизнестің, университеттердің күш-жігері біріктіріледі», - деді С. Нұрбек.
Сонымен қатар ол «Жаңа мамандықтар атласы» жасалғанын еске салды.
«Осы ретте өңірлік стандарттар әзірленетін болады. Бұл Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына енген «Мамандығым–болашағым» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда тиімді кәсіби бағдарды жүргізуде, кадрларды даярлауда алдын ала болжау моделін дамытуға мүмкіндік береді», - деді министр.
Мұнымен қоса ол жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мазмұнын жаңарту мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне тоқталды.
«Университеттердің академиялық дербестігін арттыру саясаты жалғасады. Жаһандық білім беру бағдарламалары әзірленетін болады. Бизнес және индустрия өкілдерімен тығыз байланыста ғылыми жобалар әзірлеу жоспарланған. Өңірлік деңгейдегі құзырет орталықтарын құру жұмысы жалғасады», - деді ведомство басшысы.