Университеттердiң автономды басқарылу жүйесi туралы заң 1 қыркүйекте дайын болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Университеттердi автономды басқару жүйесi туралы заң 1 қыркүйекте дайын болады деп жоспарлануда.

Бұл туралы бүгiн Астанада ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнiң баспасөз мәслихатында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мәлiм еттi.

Еске сала кетейiк, биыл ҚР Президентi Н. Назарбаев елдегi университеттер қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн оларды автономды басқаруға көшiру жөнiнде тапсырма берген болатын.

"Менiң ойымша, бұл дұрыс қадам. Автономия университеттерге белгiлi бiр еркiндiк бередi. Бұл оның басқаруындағы, бағдарламаларды жасаудағы iсiне салиқалылық, еркiндiк берiп, өз қаржысын тиiмдi басқаруға және бағыттауға әсерiн бередi. Мемлекет университеттердi басқарудан кетедi, ал оның орнын қоғамдық басқару жүйесi алмастырады, қоғамдық кеңес құрылады. Олар университеттiң даму стратегиясын анықтайды, ректорларды тағайындау бойынша шешiмдердi қабылдайды. Шетелден топ-менеджерлердi жалдау құқықтары да пайда болмақ", - дейдi ол.

"Бiрақ бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшiн тиiстi заңнама қабылдануы керек. Осы iспен қазiр ҚР БҒМ басшылығы шұғылдануда. Бұл заңды бiз 1 қыркүйекте көремiз деп жоспарлаудамыз", - деп атап өттi ректор.