Унзила Шапақ Конституциялық Кеңестің мүшелігіне ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Онда палата Төрағасының Унзила Шапақты ҚР Конституциялық Кеңес мүшесі лауазымына тағайындау туралы ұсынысы талқыланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Конституциялық Кеңес мүшесі Анар Жайылғанова «Нұр Отан» саяси партиясының қатарына өту туралы таңдау жасап, оның өкілеттігі тоқтатылған болатын.

Сонымен қатар, Конституцияға сәйкес, Парламент палаталары Конституциялық Кеңестің екі мүшесін тағайындайды. Ал Кеңес мүшелігіне кандидатты Палата Төрағасы ұсынады. Осыған байланысты Палата спикері Конституциялық Кеңес мүшесі лауазымына Унзила Шапақтың кандидатурасын ұсынып отыр. Комитет бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Аталған мәселе, палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылатын болады.