Уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын игеруде басым құқық беріледі

Фото: Kazatomprom.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері көзделген заң жобасының басты жаңалықтарын атады.

— Біріншіден, шегінде шектеулі өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізілмеген немесе жүргізілген, олардың нәтижелері бойынша перспективалы шөгінді бассейндер анықталмаған аумақтар аз зерттелген аумақтар деп танылатын норма енгізілді. Екіншіден, инвестордың сенімін қамтамасыз ету үшін, енді өз қаражаты есебінен аз зерттелген аумақта геологиялық зерттеу жүргізген инвестор барлау және өндіру кезеңіне басым және кепілді құқықпен өте алады. Бұл үшін бірінші 3 жыл ішінде келісімшарт аумағының кемінде 30 пайызын қамтитын 2D сейсмикалық зерттеу жүргізу талабы енгізіледі. Яғни, кім шын мәнінде зерттеуге қаржы салса, сол әрі қарай игеру құқығын алады. Бұл әдіс инвестордың мүддесін қорғайды және елге жаңа геологиялық деректер береді, — деді депутат.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, үшіншіден, резервтегі учаскелердің тиімді айналымы қамтамасыз етіледі.

— Қазір көмірсутек саласындағы ұлттық компанияларға 53 жер қойнауы учаскесі резервке бекітілген. Бірақ олардың тек 20 пайызы ғана игеріле бастады. Қалғандары ұзақ жылдар бойы айналымнан тыс тұр. Осыған байланысты заң жобасы резервтеу мерзімін шектеуді, ал босайтын учаскелерді электрондық аукцион арқылы нарыққа шығаруды көздейді. Бұл тәсіл бәсекелестікті арттырып, барлау процесін жеделдетеді және жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік береді, — деді ол.

Депутат төртіншіден, уран саласындағы ұлттық компанияға басымдық берілетіндігін айтты.

— Әлемдік экономикада уранның маңызы артып келеді. Көптеген елдер атом энергетикасын қайта дамыта бастады. Сондықтан уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын іздеу және игеру бойынша басым құқық беру — стратегиялық шешім. Бұл — елдің энергетикалық теңгерімін сақтауға және атом энергетикасы саласында өз үлесімізді арттыруға бағытталған нақты қадам, — деді мәжілісмен.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Мәжіліс көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері көзделген заң жобасын қарап жатыр.