Үрей туғызатын жалған хабарлар, Трамп айтпаған сөз: әлемді дүрліктірген 12 фейк

АСТАНА. KAZINFORM — Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының (JAQ) ресми арнасында әлемде тараған жалған ақпараттарға шолулар жариялана бастайды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Орталық мәлім еткендей, бүгін АҚШ-та немесе Үндістанда тараған ақпарат ертең Қазақстанда да пайда болуы мүмкін. Ақпараттан хабардар болу — жалған ақпараттан қорғанудың бір жолы.

Дипфейктер және ЖИ

Шынайы бейнежазбаны жалған деп көрсетті. Флоридада ұшақтың апатқа ұшыраған видеосы «100 пайыз ЖИ арқылы жасалған» деген ақпарат тарады. Алайда бейнежазба шынайы. Оны оқиға куәгерінің бейнетіркегіші түсірген. Жазбаны AP, CNN және BBC де көрсетті. Мұны «өтірікшінің дивиденді» деп атайды.

Лагос ұлттық театрындағы «өрт». Нигерияның желіде ғимараттың жанып жатқан видеосы тарады. Бұл — фильм үшін жасалған компьютерлік графика. Кадрда студияның сутаңбасы да көрініп қалған.

Лавров пен Джайшанкардың «жанжалы». Желіде Ресей мен Үндістанның СІМ-лері бір-біріне дөрекі жауап беріп жатқандай көрінетін екі видео тарады. Бірін Үндістанның заңгері жариялаған. BOOM фактчекерлері түпнұсқа жазбаларын тапты. Видео мен дыбыс ЖИ көмегімен жасалған.

Хакерлік шабуылдар және жалған хабарламалар

ТЖМ қосымшасындағы ядролық қауіп туралы жалған дабыл. 2 қарашаға қараған түні хакерлер Ресей ТЖМ-нің қосымшасын бұзып, ядролық зымырандар ұшырылғаны туралы хабарламалар таратқан. Оны Мәскеу, Санкт-Петербург және тағы 8 өңірдің тұрғындары алған. ТЖМ кибершабуылды растады. Ескерту жүйесі зардап шекпеген.

Ташкенттегі «автотұрақ қарызы». Тұрғындарға ресми сайтқа ұқсатып жасалған ресурсқа сілтемесі бар SMS-хабарламалар келіп жатыр. Шетелдік нөмірден автотұрақтарды пайдалану мүмкіндігі шектелетінін ескертіледі. Оператор SMS-хабарламаларды таратпайтынын мәлімдеді. Егер банк картаңыздың деректерін енгізіп қойған болсаңыз, оны банк арқылы дереу бұғаттаңыз.

БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жалған скриншоттар

«Fox News С. Абрамстың жеңісін жариялады». АҚШ-тағы сайлау күні, учаскелер жабылардан 12 сағат бұрын X желіде телеарнадан алынғандай етіп жасалған жалған кадр жарияланды. Алайда С. Абрамс осы сайлауға қатысқан жоқ. Fox News мұндай эфир болмағанын растады.

«Трамптың жазбалары». Truth Social желісіндегі екі жазбаның скриншоты Facebook, Instagram және TikTok-та тарады. Бірінші скриншотта Трамп Илон Маскқа республикашылдардың дауысы «үш дауыс болып есептелетіні» үшін алғыс айтқандай көрсетілген. Екіншісінде ол республикашылдардың барлығы жеңіске жеткенін алдын ала жариялағандай әсер қалдырады. AFP агенттігі бұл жазбаларды Трамптың аккаунтынан да, мұрағаттардан да таппады. Екінші скриншотты алғашында сатиралық парақша жариялаған.

Сайлауға қатысты фейктер

Бразилиядағы сайлау нәтижелерін бұрмалау туралы «сараптамалық есеп». Құжатта Лула 17:00–ден кейін берілген дауыстардан жеңіске жеткені айтылған. Жазба 712 мың қаралым жинады. Lupa фактчекерлері 17:00–ден кейін шамамен 34 мың адам ғана дауыс бергені, ал Луланың қарсыласынан басымдығы шамамен 4,4 млн дауыс болғаны анықтады.

Хьюстондағы «20 мың жалған бюллетень». Сайлау күні желілерде ФТБ түнде қоймадан демократтар үшін алдын ала толтырылған бюллетеньдерді тапқаны туралы ақпарат тарады. Хабарламаны 300 мыңнан аз жазылушысы бар аккаунт жариялағанымен, жазба 400 мыңнан астам қаралым жинады. ФТБ мұндай рейд жүргізілмегенін мәлімдеді.

Ескі бейнежазбаларды жаңа оқиға ретінде көрсету

«Шетелдіктер Қатардан жаппай кетіп жатыр». Хамад халықаралық әуежайында жиналған адамдардың видеосы тарады. Алайда бұл бейнежазба 2026 жылғы ақпанда түсірілген.

«Иран құрлықаралық зымыранды сынақтан өткізді». Желіде Иранның зымыран сынағы ретінде ұсынылған видео шын мәнінде 2023 жылы АҚШ-тың Техас штатында Starship зымыраны ұшырылған сәтті көрсетеді.

Үрей туғызатын жалған хабарлар

«Цифрлық апокалипсис». Желіде 17 ел өз азаматтарына азық-түлік қорын жинауға кеңес бергені, ал хакерлер банктер мен интернетті істен шығаратыны туралы ақпарат тарады. Бастапқы жазба 5,3 миллион қаралым жинады. Бұл әр жылдары әртүрлі елдер жариялаған әдеттегі ұсынымдардан құрастырылған. Бір-біріне қатысы жоқ мәліметтер біріктіріліп, жалған оқиғаға айналған.