Үрімші қаласында алғашқы сайлаушыға қазақ фольклорлық музыкасының қазынасы жазылған дискілер сыйға тартылды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:01-де Үрімші қаласындағы ҚР СІМ Төлқұжат-визалық қызметі жанындағы №253 сайлау учаскесінде «Eurasian Resources Group» (ERG) АҚ өкілдігінің 27 жастағы қызметкері Азамат Есімханов бірінші болып дауыс берді.

«Мен бүгінде әрбір саналы қазақстандық азамат қай жерде жүргеніне қарамастан, орындауға міндетті азаматтық парызымды орындадым. Біздің өкілдігімізде Қазақстанның 8 азаматы жұмыс істейді. Олар кейінірек келеді», - деді ол.

№253 сайлау учаскесіндегі бірінші сайлаушыға естелік сыйлығы - ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркесті, Құрманғазы атындағы халық аспаптары мемлекеттік академиялық оркестрі және Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестірінің композициялары жазылған СD-дискілері бар «Қазақстан: төрт мезгіл» фотоальбомы табысталды.