Үрімші Қытайдағы ауасы ең лас қала атанды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 2016 жылдың бірінші тоқсанында Үрімші - Шыңжаң Ұйғыр автономды өлкесінің әкімшілік орталығы Қытайдағы ауасы ең лас қала атанды. Бұл туралы ҚХР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен хабарлады.

«Қаңтар айынан наурыз айына дейін үш айдың жартысынан астамында бұл қалада ауа ластануы байқалды», - делінген хабарламада.

Қытайдағы ауасы ласталған қалалар тізімінде Үрімшіден кейін Хэбэй провинциясының Баодин және Синтай қалалары, Хэнань провинциясындағы Чжэнчжоу, Хэбэй провинциясының Шицзячжуан, Хэншуй, Ханьдань және Таншань қалалары, Цзинань (Шаньдун пров.) және Сиань (Шэньси пров.) тұр.

Бұл жолы аталған тізімге Бейжің енбеді. Бейжің-Тяньцзинь-Хэбэй аймағында бірінші тоқсанда орташа алғанда ауаның ластануы барлық күндердің 40,3% болған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жақсырақ.

Қытайда ауасы таза қалалар деп Хайкоу, Лхаса, Хуэйчжоу, Сямэнь, Чжоушань, Шэньчжэнь, Цзянмэнь, Чжухай, Фучжоу және Чжуншань саналады.