Үрімші саяхатшылар мен кәсіпкерлер үшін қауіпсіз - Қытай елшісі Ч.Гопин

АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Үрімшіде қоғамдық тәртіп орнады. Барлық сауда нүктелерінің жұмысы қайта қалыпқа келген. Бұл туралы бүгін Астанада журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чен Гопин мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елші мырзаның айтуынша, қазақстандық саяхатшылар мен кәсіпкерлерге алаңдауға еш негіз жоқ. Қоғамдық қауіпсіздік құқық қорғаушыларының бақылауында және олардың жіті назарына алынған.

«Шілденің 5-і күні кешке Үрімшіде болған тәртіпсіздіктердің бастамашылары - сырттағы дұшпандар. Қытай полицейлері бұл аймақтарда қоғамдық қауіпсіздік шараларына сай барлық іс-қимылдар жасауда. Үрімшіде қоғамдық тәртіп орнады. Барлық сауда нүктелерінің жұмысы қайта қалыпқа келген», деді Елші.

Қазір Шыңжан аумағындағы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 800-ден астам адам ұсталған.

«Құқық қорғаушылар жанжал отын тұтатуға себепші болғандардың бірін қалдырмай сот төрелігіне беру мақсатында қолдан келгендерін істеп жатыр. Қытай унитарлы мемлекет екендігін атап өткім келеді. Сондықтан әрбір қылмыскер жасаған қылмыстарына сай заңмен көрсетілген жазаларын алатын болады», дейді Ч.Гопин мырза.

Ч.Гопин мырзаның айтуынша, Қытай мемлекеті аз ұлттардың мәдениетін, тілін, ділін дамытуға және олардың көзқарастарымен санасуға әрдайым дайын болып келді. «ҚХР құрылған сәтте алдымен ұлттық саясатты белгіледі. Ондағы негізгі орынды ұлттық келісім, ұлттық теңдік, елдегі барлық ұлттардың теңдей дамуы сияқты ұғымдар иеленеді», деп атап көрсетті ол.

Қазір Қытай елінде 100 млн. астам аз ұлт өкілдері тұрады.