Үрімшіде болған тәртіпсіздіктің салдарынан 1 адам қаза тапты

ҮРІМШІ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Сейсенбі күні Шыңжаңның әкімшілік орталығында құрылыс алаңдарының бірінде болған тәртіпсіздіктің салдары адам өліміне әкелді.

ҚазАқпарат тілшісінің жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, маусымның 15-інде Үрімші қаласындағы «Цзинь Юй» тұрғын үй орамының тұрғындары орам ішіндегі ғимараттардан небәрі 10 метр жерде салынып жатқан 32 қабатты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына наразылық шарасын ұйымдастырады. Биік ғимарат орамға күн түсірмей тастайды деп қауіптенген тұрғындар, 10 сағатқа жуық құрылыс алаңын қоршап алып, тиісті қызмет шенеуніктері мәселені шешуге уәде бергеннен кейін ғана тарады. Келесі күні орам тұрғындары құрылыс жұмыстарының қайта жанданғанын көріп, қоғамдық тәртіпті қорғау бекетінен полицейлерді көмекке шақырған. Полиция офицерлері құрылысшыларды жұмысты уақытша тоқтатуға көндіруге тырысып баққан, бірақ нысан басшылары полицейлерге сырттарын беріп, ал құрылысшылар жұмысқа қайта кіріскен. Бұл орам тұрғындарының ашу-ызасын туғызған. Жағдайдың ушығып бара жатқанын көрген тәртіп сақшылары табельдік қарудан аспанға қаратып 2 рет оқ атқан, бірақ ешқандай әсер болмаған. Керісінше, жұмысшылардың бірі полицейдің тапаншасын тартып алмақ болған. Орын алған төбелестің барысында тапанша атылып кетіп, оқ құрылысшылардың біріне тиген. Зардап шеккен адам ауруханаға жеткізіліп, ол сонда көз жұмған. Қазір нысанда құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды, оқиғаның себебі мен мән-жайы тексеріліп жатыр.