«Үрімжі-Қорғас-Астана» пойызы Қытайға сапарды 8 сағатқа қысқартады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғас шекара бекеті мен Алматы қаласын басып өтетін Үрімжі-Астана бағытындағы алғашқы халқаралық жолаушылар пойызы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытайдағы Тянь-Шань порталының хабарлауынша, 30 қытайлық және қазақстандық жолаушысы бар №9001 халқаралық жолаушылар пойызы 8 маусым күні Қытай жағындағы «Қорғас» теміржол стансасынан Қазақстанның «Алтынкөл» стансасына аттанды. Бұл Қорғас теміржол желісі арқылы жолға шыққан алғашқы жолаушылар пойызы.

Үрімжі қаласынан қытайлық «Қорғас» стансасына дейін күн сайын қатынайтын №K9765 жолаушылар пойызы, Қорғастан өткен соң №9001 халықаралық пойызы болып өзгеріп қазақ жеріндегі «Алтынкөл» стансасына келіп тоқтайды. Маршуттың жолаушылары «Алтынкөл» стансасына жеткен соң сол жердегі №701 жолаушылар пойызына ауысып отырады. Темір жол көлігі бұдан соң Алматы және Сарышаған арқылы Астана қаласына жетеді.

Айта кетерлігі, пойыз Алашаңқай-Достық шекара бекетінен өтетін Үрімжі-Астана бағытындағы маршуттан кейінгі Қытайдан қатынайтын екінші жолаушылар пойызы.

Қытайлық порталдың хабарлауынша, осы бағыт Алашаңқайдан Алматыға баратын теміржолды 378 шақырымға қысқартады. Әрі пойызды кең рельске шақталған дөңгелекке ауыстырмай-ақ «Алтынкөл» стансасында күтетін №701 жолаушылар пойызына отырып, бірден Алматыға шығады. Сондықтан пойыз оңтүстік астанаға Достық арқылы қатынайтын бағыттағы жолаушылар пойызынан 8 сағатқа жылдамырақ жетеді.