Ұрын бару. Күйеу жігіттің қалыңдығымен алғашқы кездесуі
АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Kazinform агеніттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.
Қазақ салтында күйеу жігіт пен қалыңдық қалай болса солай, бейберекет кездесе бермейді. Қайта белгілі тəртіп, жол-жосын бойынша, өскелең адамгершілік тұрғыда кездеседі. Қалыптасқан дағды бойынша, күйеу жігіттің əкесі құдалықты бітіріп, құда-құдағиларына есік-төр көрсетіп, «өлтірісін» берген соң, ұлын қайын жұртына жіберу қамына кірісіп, бұл ниетін қыздың ата-анасына білдіреді əрі қыз ата-анасының мақұлдауын алған соң, ұлының қасына сегіз қырлы, бір сырлы сал-сері жігіттердің бірнешеуін қо сып, «ілуге» деп бір бағалы сыйлық, «есік ашар» деп бірнеше мал айдатады. Одан сырт, түрлі жол-жосындар мен кəделерге арналған торғын-торқа, орамал, сақина, сырға-білезік сияқты заттарды беріп, ерекше салтанатпен ұлын қайын жұртына аттандырады. Ал, қолы қысқа жігіттер «орамал тон болмайды, жол болады» деп, қолда бар орамал, шаршыларымен бара береді. Күйеу жігіттің қалыңдығымен осылайша ашық кездесуге баруын «ұрын бару» деп атайды.
Салт бойынша, «күйеубала ұрын келеді екен» деген хабарды қызауылы естігенде, күйеуге арнап арнаулы үй тіккізеді. Күйеу баланың алдынан шығып қарсы алуға қыз жеңгелері бастаған ауылдың бойже-кен қыздары мен бозбалаларын жібереді. Күйеу жігіт бардам ауылдың баласы болса, алдынан шыққан қыз жеңгелеріне 20-30 кез келетін кездемеден «ентікпе» береді. Ал, қолы қысқа ауылдың жігіті болса, онда орамал-шаршы, білезік-сырға секілді заттар ұсынады.
Өзіне арнап үй тіккен əйелдерге «байғазы», балдыздарына «көрімдік» береді. Қыз əкесі күйеу жігіт барған күні кеште күйеуге еріп келген жолдастарын өз үйіне шақырып қонақ қылады. Күйеу жолдастары қыз əкесінің босағасын аттасымен «ілу» іледі. Одан соң, рет-ретімен арнайы əкелген жол-жора, кəде-сыйлықтарын береді. Ал, күйеу жігіт өзіне арнаулы тігілген үйде қыз-келіншектер мен балдыздарының қасында болады. Қайын атасы өз дастарқанынан күйеубаласына төс, асықты жілік салынған арнаулы табақ жібереді. Табақ барғанда күйеу жігіт орнынан тұрып иіліп тағзым жасап, табақтағы өз сыбағасы салынған етті қасында отырған қыз-келіншектермен бірге бөліп жеп, онан соң «төссалар» кəдесін береді.
Ұрын той
Кешкі тамақты жеп болып, күйеу жігіт «төс салар» кəдесін берген соң, ауыл жастары «ұрын той», кей жерде «қына менде» деп аталатын ойын-сауық ұйымдастырады. Сонымен, жастар əн айтып, күй тартып, жұмбақ шешісіп, өлең айтып, той-думанды шарықтау шыңына көтереді. «Ұрын тойдың» мақсаты – бір-бірін сағынысқан, алайда, əдеп сақтап кездесе алмай жүрген екі жасты кездестіру, өзара сыр шертісіп, көңіл күйлерін білдірісулеріне жағдай жаратып беру əрі күйеубалаға сый-құрмет көрсету.
Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.