Шара «Қазмедиа» орталығында, Astana Media Week форумының аясында өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылар ұсынған дерек бойынша биыл бұл бәйгеге 544 өтінім түскен. Өтінімдердің көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Жылдың үздік аналитика материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша түскен.
Сол өтінімдердің ішінен 52 номинант іріктелген болатын. Қазылар алқасы бүгін солардың ішінен «URKER-2022» сыйлығына лайық деген журналистердің есімін анықтады. Қазылар алқасының әр аталым бойынша жасақталған құрамын мына жерден көруге болады.
Жеңімпаздарға «URKER» естелік мүсіншесі және 1 миллион теңге мөлшерінде ақшалай сыйлық табысталады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Үркер» ұлттық сыйлығына биыл 150 жылдығы аталып өтіп жатқан, қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы номинация енгізілді.
Кеше 13 номинация бойынша іріктелген финалистер тізімі жарияланған болатын.