«URKER – 2025» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада журналистика саласындағы ең беделді марапаттардың бірі — «URKER – 2025» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды.
Биылғы жеңімпаздар тізімі:
● Жылдың үздік порталы – «Adyrna» ұлттық порталы.
● Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал – Тамара Вааль (Vlast.kz).
● Үздік өңірлік БАҚ – «Астана ақшамы» газеті.
● Жылдың үздік журналистік зерттеуі – Майра Ерғали («Атырау» газеті).
● Жылдың үздік сұхбаты – Бауыржан Карипов (Qaz365.kz).
● Радиостанциядағы үздік жоба – «Нысана» («Шалқар» ұлттық радиосы).
● Жылдың үздік фотосуреті – Игорь Бургандинов («Казахстанская правда»).
● Жылдың үздік подкасты – Qstar Group.
● Жылдың үздік YouTube-арнасы – «Эксперты KZ».
● Жылдың үздік репортажы – Иван Сухоруков (Tengrinews.kz).
● Жылдың үздік аналитикалық материалы – Илья Пащенко («Казахстанская правда»).
Сонымен қатар, ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров арнайы номинация – «Жұмысшы мамандықтары жылына арналған сыйлықты» Zakon.kz редакциясына тапсырды.
Арнайы жүлделер:
● «Үркер» ұлттық байқауының арнайы сыйлығы – «Казахстанская правда» газеті.
● «Үркер – 2025» арнайы жүлдесі – «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігіне берілді.
Марапатты қабылдаған «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан өз сөзінде:
– Бұл сыйлық қазір қолымда тұрғанымен, кеңседегі, өңірдегі, шетелдегі тілшілердің қуанышын елестетіп отырмын. «Kazinform» — Қазақстандағы тұңғыш ақпарат агенттігі әрі халықаралық деңгейдегі мәртебесі бар ұйым. Біз ақпаратты 5 тілде — қазақ, орыс, ағылшын, өзбек және қытай тілдерінде ұсынамыз. Сондай-ақ төте жазумен қандастарымызға арнап материалдар таратамыз. Биыл 105 жылдық мерейтойымызды атап өтіп, агенттік жайлы кітап шығардық. «Үркер» жүлдесі – біздің еңбегімізге берілген үлкен баға және мемлекет тарапынан көрсетілген сенім мен қамқорлықтың белгісі, – деді ол.
Байқаудың ұйымдастырушылары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры. Іс-шараның серіктестері – «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС және «Sport+» телеарнасы.
Марапаттау рәсіміне қоғам және медиа саласының танымал тұлғалары, Парламент депутаттары, жетекші ақпарат құралдарының бас редакторлары қатысты.
Еске сала кетейік, биыл Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толды.
Камила Мүлік