Ұрлаған малын Қазақстанда миллионға сатқан қырғызстандық ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұрлап алған малын сатып, 1 млн. теңге пайда тапқан Қырғызстан тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Қырғызстан Республикасының ІІМ-інен.

Аталмыш ведомствоның хабарлауынша, 11 тамызға қараған түні Қарабура ауданы Көксай аулының маңындағы Суулу-Арыбек жайылымынан белгісіз біреулер жергіліктің тұрғынның 23 бас ірі қара малын айдап әкеткен. Талас ауданы мен Қарабура аудандық ІІБ-нің қызметкерлерінің қолға алған шараларының нәтижесінде аталмыш қылмысқа қатысы бар деген күдікпен осы ауданның 1967 жылы туған тұрғыны ұсталған. Ол бұған дейін есірткіге қатысты қылмысы үшін сотталған екен.

Ұсталған азамат өзінің сыбайластарымен бірге ұрланған малды шекарадан айдап өткізіп, Қазақстанда 1 миллион теңгеге 16 сиыр малын сатып үлгерген. Күдіктінің үйін тінту кезінде оның қорасына жиналған шөптің арасынан 12 келі 800 грамм марихуана табылған. Қазіргі кезде ол қамауға алынған, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды kginform.com.