Ұрланған активтерді қайтару: Қазақстан мен Лаос ынтымақтастық туралы келісім жасасты

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 3 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов пен Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасының Жоғарғы халық прокуратурасының Бас прокуроры Ливонг Лаоли активтерді қайтару саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Фото: ҚР Бас прокуратурасы

ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат ведомствоаралық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе және ақпарат алмасуға, сондай-ақ ұрланған активтерді қайтару мәселелері бойынша өзара жәрдем көрсетуге құқықтық негіз қалыптастырады.

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту заңсыз шығарылған қаражатты жедел анықтауға, іздестіруге және қайтаруға, сондай-ақ оларды шетелге шығару мен жасыруға жол бермеуге мүмкіндік береді.

-Меморандум халықаралық шарттар мен ұлттық заңнамаға сәйкес қылмыстық істер бойынша ынтымақтастыққа жәрдем көрсетуді, консультациялар өткізуді, озық тәжірибемен алмасуды, сондай-ақ прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды көздейді,-делінген хабарламада.

Меморандумға қол қою Қазақстанның осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолындағы кезекті қадам болды.

Осыған дейін Атырау прокуратурасының мемлекетке миллиондаған активтерді қайтарғаны туралы жаздық.