Ұрланған бөлшектер арқылы көлігін жөндемек болған Астана тұрғыны қолға түсті

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД-нің Сарыарқа аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері 2 көлік тонау қылмысын ашты.

Бұл ақпаратты Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Атап айтқанда, Сарыарқа аудандық ІІБ-нің елордалық гарнизонына «Ж» есімді азамат Ауди Б-4 маркалы автокөлігінің 2 алдыңғы шамын ұрлап әкеткені жөнінде арыз жазған.

Дәл осы күні ІІБ-не осыған ұқсас оқиға қайталанып, «Р» есімді азамат көлігінің алдыңғы бампері ұрланғандығы туралы арыз түсірген.

Жедел іздестіру шарасы барысында елорда тұрғыны, бұрын ҚР ҚК-нің 178-бабының 2-тармағы бойынша сотталған адам ұсталды.

Күдікті ұрланған автокөлік бөлшектері есебінен, «жеңіл әдіспен» өзінің зақымданған автокөлігін қалпына келтіргісі келгендігі анықталды.

Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.