Ұрланған телефондар базасы құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың шілде айында Қазақстанда ұрланған телефондардың базасы құрылады. Мұндай жаңашылдық қалта қағатын алаяқтардың іс-қимылына үлкен тосқауыл қояды. Бұл туралы халықпен есептік кездесуі кезінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

«Қазір IMEI-кодтарды тіркеу ережелерін дайындап жатырмыз. Менің ойымша, алдағы екі-үш аптада бұл жұмысты аяқтаймыз. Содан соң Қазақстанда ұрланған телефондардың базасы пайда болады. Ол жерде IMEI-кодтар бойынша әр нөмірдің кімдікі екенін дәлме-дәл анықтауға болады»,- деді министр.

Айтпақшы, бұған дейін IMEI-кодтар базасында тіркелмеген ұялы телефондарды бұғаттау жөнінде айтылған еді. Алайда, Дәурен Абаев бұған ешқандай да алаңдаудың қажеті жоқтығын мәлім етті. «Қазір ешбір телефондарды бұғаттамаймыз. Бұған алаңдаудың керегі жоқ. Бұл жұмысты халыққа зияны тимейтін етіп жүргіземіз. Себебі, бұл жерде күрделі жағдай қалыптасқан. Кезінде бір ғана IMEI-кодтары бар 500 телефон әкелінген. Мысалға, солардың біреуі ұрланған телефон болып шықты делік. Біз бір телефон үшін қалған 499 телефонды бұғаттай алмаймыз ғой»,- деп түсіндірді ол.

Министрдің айтуынша, дегенмен  IMEI-кодтарды тіркеудің тиімді жақтары  да бар. Өйткені, ұрлықтардың басым бөлігін осы ұялы телефондар ұрлығы құрайды. «Ұялы телефондар ұрлығының ішінде 80 пайызы балалардың қалта телефондарын ұрлауға жатады. Осылайша, біз балаларға қарсы ұрлықтың санын күрт азайтуға үміттеніп отырмыз»,- деп түйіндеді сөзін Дәурен Абаев.

Айта кетелік, ұялы телефондар ұрлығын азайту үшін IMEI-кодтарды енгізу тәжірибесін Австралия жүзеге асырғаны мәлім. 2002 жылы австралиялық ұялы байланыс операторлары ұрланған телефон аппараттарының IMEI-кодтарының тізімін жасап, оларды желілерден бұғаттап тастады. Соның нәтижесінде телефон ұрлығы күрт азайды. Өйткені, жұмыс істемейтін ұрланған телефондар ешкімге керек болмай қалды. Алайда, бұл тәжірибені көптеген елдер әлі зерттеу үстінде. 

Ұялы телефондарға қатысты тағы бір жағымды жаңалық бар. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ұялы байланыс сапасына халықтық бақылау» атты жаңа қызмет түрін іске қоспақшы. Мұндай қызмет қазақстандықтарға қандай да бір ұялы байланыс операторының тарапынан туындаған мәселелер мен ақаулар жөнінде арыз-шағымдарын жіберуге жол ашады. Ұялы байланыс қызметін тұтынушылар арыз-шағымдарын министрліктің сайтына жолдайды. Ал министр әрбір қазақстандықтың өтініші мен шағымына қатысты тиісті іс-шаралар қабылданатынына уәде берді.

«Осы қызмет түрі дайын болған кезде біз оның тұсауын кесіп, халыққа таныстырамыз. Сіздер қандай ұялы байланыс түрінің үйде жақсы істейтінін, қандай оператордың қызметі жұмыста тиімді екенін көре аласыздар. Біз «мобильді құлдық» дегенді жойдық. Соның бір дәлелі, кез-келген адам басқа операторға жедел ауыса алады. Сіздер статистика бойынша өзіңіздің операторыңыз нашар жұмыс істейтініне көз жеткізсеңіз, ал үйде ағаңыздың немесе әпкеңіздің телефонындағы ұялы байланыс жақсы екенін көрсеңіз, бірден соған ауыса аласыз»,-деп түсіндірді Дәурен Абаев. Оның айтуынша, аталған қызмет түрі 2017 жылдың соңына дейін іске қосылады.