Үрлемелі матрас үстінде қалған 10 айлық нәрестені жел ашық теңізге алып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда адам құтқарудың аса сирек оқиғасы болды. Жағалау күзетінің қызметкерлері ашық теңізде үрлемелі матрас үстінде қалқып кетіп бара жатқан 10 айлық қыз баланы құтқарып қалды.

Бұл жағдай сәбидің ата-анасының бейқамдығынан орын алған. Үлкендердің айтуынша, олар небәрі бірнеше минут қана бүлдіршінді қараусыз қалдырған көрінеді. Осы аз ғана уақыттың ішінде күшті жел сәбиді жағалаудан жарты шақырымдай қашықтыққа алып кеткен. Оны жүзіп қумақ болғандардың әрекетінен еш нәрсе шықпады. Амал жоқ құтқарушылардан көмек сұрауға тура келген, деп хабарлайды "Россия 24".