Ұрлық жасаған ер адам далада үсіп өлген

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының бір ауылында белгісіз ер азамат ұрлық жасап, ауыл сыртындағы тоғайға жақын маңда аяздан үсіп өлген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Аудан тұрғындарының хабарлауынша, белгісіз ер адам кіреберіс есіктің күршегін сындырып, үйден ұялы телефон және қысқы киімдерді ұрлап әкеткен. Кейін ол тоғайдан өлі күйінде табылған. Павлодар облыстық ІІД агенттіктің жолдаған ресми сауал хатына берген жауабында аталмыш жағдайды растады.
 
"Ағымдағы жылғы 7 қаңтар күні сағат екі шамасында полиция қызметіне Ақтоғай ауданындағы ауыл тұрғыны белгісіз ер адамның кіреберіс есіктің күршегін сындырып, үйінен ұялы телефон және етік пен күпәйкені ұрлап әкеткені туралы өтініш түсірген", - дейді баспасөз қызметінде. - Осы факті бойынша жедел түрде іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, ҚР ҚК 149 және 188-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде сол күні ауылдан алшақ емес ағаштардың арасынан 36 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша ер адам суық тиюден көз жұмған".

Тергеу барысында өтініш беруші қаза тапқан жанды ұрлық жасаған белгісіз ер адам ретінде таныды.

Берілген фактілер бойынша тергеу жұмыстары жалғастырылуда. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.