Үрімжі марафонында қандастарымыз топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — 31 тамыз күні Қытайдың Үрімжі қаласында өткен жартылай марафонда үш бірдей қандасымыз топ жарды,-деп хабарлайды Kazinform тілшісі Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Санжы институтының студенті, бірінші разрядты спортшы Ерен Елеусіз мәре сызығын 1 сағат 6 минут 54 секундта кесіп өтіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Оның ізінше Қазез Бектұрсын мен Тұрәбіл Төлеухан да көмбеге жетіп, күміс және қола медалдарды иеленді.
Бүгінгі дүбірлі додада толық марафон, жартылай марафон және 6 шақырымдық қызықты марафон санаттары бойынша жүлделер тігіліп, жалпы 14 мың адам жарысқа түскен.
Жарыс жолы Үрімжі қаласының бірнеше ауданын басып өтетін салтанатты шараға алыс-жуық шетелдерден де желаяқ жүйріктер шақырылған. Ерлер арасындағы марафонның бас жүлдесін дәрігер-спортшы Ли Чжэнюэ қанжығасына байланса, күміс пен қола қандастарымыз Досбол Қабылжан мен Бақтияр Оразалыға бұйырды.
Ақпарат көзінен белгілі болғандай, Ерен Елеусіз — кейінгі кезде бүкіл Қытайға танымал бола бастаған марафоншы. Ол өткен жылы Тұрфан және Чжучжоу марафондарында топ жарса, биыл Манши және Лотянь жартылай марафондарында күмістен алқа таққан болатын.