Ұрпақтың алтын жібі: Астанада фототілші Нұрмұхаммат Имамовтың көрмесі ашылды

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ПІБ Президенттік орталығында фототілші Нұрмұхаммат Имамовтың 100 жылдығына және Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ұрпақтың алтын жібі» көрмесі ашылды.

Шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, кәсіби фотошежіреші Нұрмұхаммат Имамовтың 70-ке жуық жұмысы көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда қарапайым еңбек адамының бейнесі, жұмысшы мамандықтарының қадір-қасиеті мен өндіріс өмірі айқын көрініс тапқан.

Фото: Виктор федюнин/Kazinform

Сонымен қатар 1960-1980 жылдары түсірілген Целиноградтағы тігінші әйелдердің сирек фотосуреттері көрменің мазмұнын толықтырды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ҚР ПІБ Президенттік орталығының жетекші сарапшысы Қанат Бөстекбаев көрменің тарихи және мәдени маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, фототілшінің еңбектері өткен дәуірдің шынайы бейнесін сақтап қалған құнды мұра.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Нұрмұхаммат Имамовтың еңбектері — уақытпен тілдескен туындылар. Оның объективі бізді ондаған жыл артқа жетелеп, сол кезеңнің атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл көрме — еңбек адамдарына деген құрметтің көрінісі. Өйткені автордың фотосуреттері жұмысшы мамандықтарының маңызын айқын көрсетеді. Көрме бір ай бойы жалғасады, оны қала тұрғындары мен қонақтары келіп тамашалай алады, — деді ол.

Фотохроникашының ұлы Ринат Имамов көрмені әке рухына тағзым ғана емес, қаланың мәдени мұрасын толықтыратын маңызды жоба деп бағалайды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Мұнда әкемнің таңдаулы туындыларымен қатар, тұтас тарих жатыр. Әсіресе тігін цехтарынан түсірілген фотолар сол кезеңдегі тігінші әйелдердің еңбегін айқын көрсетеді. Осындай игі шараның мерейтой қарсаңында ұйымдастырылуы — біз үшін үлкен құрмет. Президенттік орталық ұжымына шынайы алғысымды білдіремін, — деді Ринат Имамов.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның айтуынша, фототілшінің жеке архиві өте ауқымды. Алдағы уақытта мерейтой аясында жаңа жобалар ұйымдастырылып, Нұрмұхаммат Имамовтың шығармашылық мұрасын кеңінен таныстыру жалғасады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Президенттік орталықта гендерлік және отбасылық саясат мәселелері талқыланған болатын.